Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматы облысының полицейлері оқушыларға заңнамадағы новеллалар туралы айтып берді

Алматы облысының полицейлері оқушыларға арналған құқықтық дәрістерді өткізді, онда балаларға ҚР заңнамасындағы новеллалар, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылық жасағаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік туралы айтылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қылмыстық кодекске және қылмыстық іс жүргізу заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар бойынша түсіндіру сабақтарына тергеу басқармасы мен жергілікті полиция қызметкерлері қатысты.

– Өздеріңіз білетіндей, ағымдағы жылдың 15 сәуірінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі бірнеше жаңа баптармен толықтырылды. Сонымен қатар әйелдер мен кәмелетке толмағандарға қарсы ауыр қылмыстар үшін жаза күшейтілді. Осыған байланысты біз жасөспірімдер арасында кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, – деп атап өтті облыстық тергеу басқармасы бастығының орынбасары Тұраржан Махамет.

Кездесу барысында оқушыларға кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың ең көп таралған түрлері туралы айтылды, мысалдар келтіріліп қандай да бір құқық бұзушылықтар жасалғаны үшін қандай жаза түрі сақталатынын түсіндірілді.

– Кәмелетке толмағандардың құқықтық мәдениетін, парасаттылығын және заңға бағынатын мінез-құлқын тәрбиелеу – полиция жұмысындағы басым бағыттардың бірі. Жас кезінен бастап жастарға ойланбастан жасалатын әрекеттердің салдары туралы түсіндіру маңызды. Біз оқушыларды заңдылық пен тәртіпті сақтауға, басқалардың қателіктерін қайталамау үшін бір-біріне және айналасындағыларға құрметпен қарауға шақырамыз, – деп толықтырды Т. Махамет.

Мұндай кездесулерді өңір полиция қызметкерлері тұрақты негізде өткізеді.

Естеріңізге сала кетейік, заң 2024 жылдың 14 маусымында күшіне енеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру