Алматы облысының полицейлері тұрғындарды тілсіз жаудан құтқарды
Талдықорған полицейлері көпқабатты үйден өрт шыққан кезде тұрғындарды дер кезінде эвакуациялады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Өрт облыс орталығының 6-шағын ауданында орын алған. Кезекші бөлімнен түскен ақпарат бойынша оқиға орнына жедел жеткен полиция қызметкерлері Фархад Турдиев пен Дәурен Нәрікбаев тұрғындарды дереу қауіпсіз аумаққа шығаруға кіріскен.
– Үйдің бесінші қабатындағы кабельдер өртеніп жатқандықтан, кіреберісті түтін басып кетті. Бірден тұрғындардың есіктерін қағып, дереу далаға шығуларын өтіндік. Пәтерлердің бірінен жүре алмайтын, мүмкіндігі шектеулі қария мен балаларды көтеріп, аулаға шығардық. Өрт сөндіру, жедел жәрдем қызметтері дер кезінде келіп, қызметтерін көрсетті, – деді Талдықорған ҚПБ патрульдік полиция инспекторы Дәурен Нәрікбаев.
Тілсіз жаудың тұтанғаны туралы хабар дер кезінде жетіп, тәртіп сақшыларының талапқа сай жасаған әрекеттерінің арқасында зардап шеккендер жоқ. Қауіпсіздік шаралары қабылданған соң, тұрғындар өз үйлеріне жіберілді.