Алматы облысының полицейлері жолда қалған жүргізушілерге көмек қолын созды
Алматы облысының тәртіп сақшылары жол бойында қалған жүргізушілерге көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция қызметкерлері Ақсу ауданы Жансүгіров-Арасан ауылдары арасындағы тас жолмен келе жатып, жолдың тайғақтығы салдарынан жол жиегіне шығып кеткен көлікті жолға шығаруға көмектесті.
Екі сағаттан астам уақыт бойы жол бойында тұрған жүргізушілерге Ақсу аудандық ПБ қызметкерлері көмекке келген. Тәртіп сақшылары өздерінің қызметтік автокөліктерімен үмітін үзген ауыл тұрғындарын қар құрсауынан алып шықты.
Өз кезегінде жүргізушілер ЖПҚБ учаскелік полиция испекторы Даулетхан Нарқұлан мен оның көмекшісі Тұрсын Ұланға шын жүректен алғыстарын білдіріп, жұмыстарына толағай табыс тіледі.
– Аудан тұрғындары мен қонақтарын жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және сақ болуға шақырамын. Себебі, қыс мезгілінде жолдағы кішкентай ғана қателік орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін, – деді Ақсу ауданының ПБ бастығының міндетін атқарушы Айдос Қалжатбай.