Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматы облысының полицейлері жүргізушілерді көліктерін қысқы мезгілге дайындау қажеттілігі туралы ескертті

Алматы облысы Полиция департаментінің Патрульдік полиция қызметкерлері жүргізушілерге ауа-райының өзгеруіне байланысты өздерінің темір тұлпарларын қысқы мезгілге дайындауға шақырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Сонымен қатар, автожолдардың қауіпті және қиын учаскелерінде тәулік бойы патрульдердің кезекшілігі қарастырылған. Облыстың автожолдарында жол бетінің тайғақтығын болдырмау мақсатында жолға арнайы реагенттер төсеу жұмыстары жүргізілуде. Өткен қыста тәртіп сақшылары жүздеген көліктерді қар құрсауынан шығарып, көптеген адамдардың өмірін сақтап қалды.

– Жауын-шашынның түсуіне байланысты автокөлік иелеріне бірінші кезекте шиналарды ауыстыруды, көліктің техникалық жарамдылығын, қысқы шиналарды пайдалануға жарамдылығын тексеруді ұсынамыз. Сондай-ақ, қысқы кезеңге арнайы арналған терезе жуу сұйықтығының қажеттілігін де ұмытпау керек. Қысқы мезгілде қысқы дөңгелектерсіз көлік құралын пайдалануға тыйым салынады. 1 желтоқсаннан бастап мұндай бұзушылықтар үшін ҚР ӘҚБтК – нің 590-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік хаттамалар толтырылады, – деп түйіндеді Алматы облысы ПД ЖПҚБ бастығының орынбасары Мейір Демеубаев.

Сонымен қатар, жолдарды алғашқы мұз басқан кезде жүргізушілер барынша ұқыптылық көрсетіп, жылдамдық режимін қатаң сақтауы қажет екенін еске саламыз.

– Егер сіз жол-көлік оқиғасының куәгері болсаңыз немесе сізге жолда көмек қажет болса, немесе сіз жолдың себілмеген тайғақ учаскелерін көрсеңіз, Алматы облысы ПД кезекші бөліміне 60-75-05 және облыстың оңтүстік өңірі бойынша 60-39-57 телефон нөмірлері бойынша хабарласа аласыз. Жолда салғырттық танытпаңыз, көліктің аздаған ақаулығы тайғақ жолмен жүру кезінде, сондай-ақ қатты жауын-шашын кезінде орны толмас үлкен жағдайларға әкеп соғуы мүмкін екенін ұмытпаңыздар. Жолда абай болыңыздар, өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыздар!, – деп толықтырды полиция подполковнигі Мейір Демеубаев.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру