Алматы облысының полиция бастығы өңір азаматтарымен кездесті
Алматы облысы полиция департаментінің бастығы Мейрам Әбікеев кезекті азаматтарды қабылдауын өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кездесу барысында қылмыстық істерді тергеу, тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысты мәселелер талқыланды. Әрбір өтініш мұқият қаралып, жауапты бөлім басшыларына нақты мерзімдермен тапсырмалар берілді.
– Біз үшін әр азаматтың мәселесін тыңдап, оның түпкі мәнін түсіну және тиісті шаралар қабылдау маңызды. Мұндай кездесулер халықтың сұраныстарына жедел жауап беруге мүмкіндік беріп, полицияның ашық екенін көрсетеді. Біз тек шағымдарды тіркеумен шектелмей, нақты шешім табуға тырысамыз, – деп атап өтті М. Әбікеев.
Кездесуге келген тұрғындарға өз сұрақтары бойынша түсініктемелер беріліп, кейбір өтініштер бойынша қосымша тексеру жүргізу туралы шешім қабылданды.
– Әрбір азамат өзін қауіпсіз екенін сезінуі керек. Біздің міндетіміз – тек орын алған оқиғаларға әрекет ету ғана емес, олардың алдын алу да. Сондықтан біз үнемі халықпен байланыста болып, құқық қорғау жүйесіне деген сенімді арттыруға күш саламыз, – деді департамент бастығы.
Мұндай кездесулер тұрақты түрде өткізіліп, билік пен қоғам арасындағы ашық диалогты қамтамасыз етуге бағытталған “халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасының маңызды бөлігі.