Алматы облысының полициясы балалардың жол жарақаттануының алдын алу бойынша жаңа тәсіл қолданды
Алматы облысының полициясы балалардың жол жарақаттануының алдын алу бойынша жаңа тәсіл қолданды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаңа оқу жылы қарсаңында Алматы облысының полиция қызметкерлері балалардың жол-көлік жарақатының алдын алуға шығармашылық әдіс қолданды.
– Іс-шараның басты мақсаты – балаларды құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздік саласында тәрбиелеу. Мұндай акция облыс орталығындағы балабақшаларда мектепалды дайындық топтарында өткізілді, – деп атап өтті Қонаев ҚПБ патрульдік қызметінің инспекторы Әділбек Жүнісханов.
Патрульдік полицейлер балаларға жол қозғалысы ережелерін сақтауды ескертіп, жолда қауіпсіз жүріс-тұрыс негіздерін білу туралы әңгіме жүргізді.
– Балалар ақпаратты ойын түрінде жақсы қабылдайтыны белгілі. Сондықтан жол қозғалысы ережелерін әртүрлі жол жағдайларында қолдану дағдыларын бекіту үшін біз жол қозғалысы ережелері бойынша танымдық бояулар тараттық, онда олар жол қауіпсіздігі тақырыбындағы суреттерді қызығушылықпен бояды, – деп толықтырды А. Жүнісханов.
Іс-шара барысында жол қозғалысының жас қатысушылары жол ережелерін қайталап қана қоймай, әртүрлі тапсырмаларды орындады: жұмбақтар шешіп, ситуациялық есептерді шығарды.
Жол қозғалысы ережелерін оқытудың бұл әдісі балалардың шығармашылық қабілеттері мен ұсақ моторикасын дамытуға ғана емес, сонымен қатар балалардың жолда және аулада қауіпсіз қозғалысы туралы түсініктерін кеңейтеді.
Полиция барлық ата-аналарды балаларын жеке қауіпсіздікке үйретуге, көшеде тәртіпті, ұқыпты және сақ болу қажеттілігін үйретуге шақырады. Сабақтар қызықты және пайдалы болуы үшін оларды ойын түрінде өткізген дұрыс.