Алматы облысында 101 жастағы ҰОС ардагерін құттықтады
Алматы облысының тәртіп сақшылары 101 жастағы ҰОС ардагеріне ҚР ішкі істер министрі Ержан Саденовтің құттықтауын жеткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жеңіс күні қарсаңында Алматы облысының бас полицейі Бауыржан Әленов 101 жастағы Ұлы Отан соғысы мен ішкі істер органдарының ардагері Тәңірберген Толғанбаевты ҚР ішкі істер министрінің атынан құттықтап, естелік сыйлықтарын табыстап қайтты.
– 9 мамыр – ерекше күн, қасиетті мереке. Бұл күні біз бәріміз фашизмге қарсы ұлы соғыста жеңіске жеткен аға буынымызға құрмет пен ризашылық білдіреміз. Тәңірберген Толғанбаев – сол батырлардың бірі, – деп атап өтті Бауыржан Әленов.
Ардагер ақсақал 7 мамырда өзінің 101 жылдығын атап өтуде. Соғыстың сұрапыл сындарынан өткен Тәңірберген ата өзінің жоғары адамдық қағидалары мен ұстанымдарын әлі де сақтап қалған. Ол – ұзақ жылдар бойы ішкі істер органдарына қызмет еткен құқық қорғау органдарының ардагері. Атамыздың тағдыры мен өмірі – биік адамгершілік пен Отан мен халық алдындағы жанқиярлық парыздың үлгісі.
Облыстық полиция департаментінің бастығы Б. Әленов ҚР ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің жеке құттықтауын оқып, естелік сыйлықтар табыс етті.
– Қазіргі тәртіп пен заңдылықтың сақшылары осындай тұлғалардан үлгі алып, елінің болашағы жолындағы ерліктері мен жанкештіліктерін ұмытпай, ұлықтауы керек деп есептеймін, – деп толықтырды Б. Әленов.