Алматы облысының тергеушілері балалардың мектепке дайындалуына қолдау көрсетті
1 қыркүйек қарсаңында Алматы облысы Полиция департаментінің тергеушілері мен анықтаушылары көмек мұқтаж жандарға қол ұшын берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Олар балалардың онлайн оқуына қажетті ноутбуктер, планшеттер және басқа да оқу құралдарын сыйға тартты. Енді осындай сыйлықтарды алған оқушылар технология мен байланыстың жаңа құралдарының көмегімен білім нәрін қиындықсыз сіңіре алады.
– Біз көпбалалы, тұрмысы төмен отбасыларға қолдау көрсету бойынша қайырымдылық акцияларын одан әрі жалғастыруға шешім қабылдадық. Қазір мектеп жасындағы бірнеше бала тәрбиелеп отырған бірнеше отбасы бар. Ол балаларды мектепке әзірлеу қажет. Біз қазіргі уақытта онлайн білім беру жағдайын есепке алып, дәптерлер мен қаламдар ғана емес, сонымен қатар техникалық байланыс құралдарының да қажет екенін ескердік. Мысалы, бір отбасында төрт бала болса, біз оларға ноутбук пен оқу құралдары салынған рюкзак сыйладық. Сонымен қатар, анасымен ғана жалдамалы пәтерде тұратын бала да осындай сыйлыққа ие болды, – деді Алматы облысы ПД Анықтау басқармасы бастығының орынбасары Самал Арғынғазинова.
Тергеушілер бұл шараның бір реттік қана акция емес екенін және мүмкіндігінше тергеушілер мен анықтаушылар одан әрі жалғастыратынын атап өтті. Өйткені, балалардың шынайы алғысына бөлену қуанышына тең келетін ештеме жоқ – дейді полицейлер.