«Алматы-Өскемен» тас жолындағы ақаулар анықталды
Алматы облысының полицейлері «Алматы-Өскемен» тас жолында жол белгілерінің жоқтығы мен ойықтарды анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы облысы Полиция департаментінің мәліметіне сәйкес, қазіргі уақытта халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында жол төсемі сапасының сәйкестігі, мемлекеттік стандарт талаптарына сай техникалық реттеу құралдарының болуы және орнатылуы бойынша тексерістің тұтас кешені жүргізілуде.
– Құрамына Полиция департаментінің жол-техникалық инспекциясы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, «Қазавтожол» АҚ қызметкерлері және басқа да мүдделі органдар мен қоғам өкілдері кірген комиссиялық тексеру «Алматы–Өскемен » трассасының 110 км-ден 287 км-ге дейінгі автожолынан жол жабындысының ақауларын, ойық, шөгінділер, шұңқырлар, ескерту белгілерінің жоқтығы және т.б. сияқты бірқатар кемшіліктерді тапты. Лауазымды тұлғаларға осы кемшіліктерді жоюға ұйғарымдар берілді, – деп хабарлады Алматы облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Нұржан Таңатаров.
Өз кезегінде уәкілетті орган анықталған кемшіліктерді жоюға бірнеше ұйғарым жазып берді. Орындаушылар аталған кемшіліктердің барлығын бір ай ішінде – 23 тамызға дейін жойылатындығына сендірді.
– Халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында көше-жол желісінің және жол қозғалысын ұйымдастырудың техникалық құралдарының пайдалану жағдайын зерттеу, бірінші кезекте жол-көлік оқиғаларын талдауды ескере отырып, жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында жүргізіледі, – деп толықтырды Нұржан Таңатаров.