Алматы ПД-да Наурыз мерекесіне орай іс-шара өтті
Алматы ПД-да Наурыз мерекесіне орай іс-шара өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қалалық полиция департаментінде Наурыз мерекесіне орай, қазақ халқының салт-дәстүріне арналған театрландырылған көрініс өтті. Тұсау кесу рәсімін Алматы қалалық ПД бастығы полиция генерал-майоры Арыстанғани Заппаров жүргізді. Ол салт-дәстүрді сақтап, өскелең ұрпаққа жеткізудің маңыздылығын атап өтті.
— Қазақ мәдениеті – біздің рухани мұрамыз, оны біз мұқият сақтап, келешек ұрпаққа жеткізуіміз керек. Осындай іс-шаралар арқылы біз ата-бабамыздың әдет-ғұрпын еске алып қана қоймай, ұлттық құндылықтардың қазіргі уақытта да өзекті болып отырғанын көрсетеміз. Бірлік, үлкенге құрмет, ынтымақ рухы – осының бәрі біздің ел болып қалуымызға септігін тигізеді. Бүгінгі қойылым – дәстүрдің өмір сүріп, бізді шабыттандыратынының айқын дәлелі!, - деді Арыстанғани Заппаров.
Бір сағаттық қойылымда ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан негізгі әдет-ғұрыптар мен ырымдар көрініс тапты. Іс-шараның ерекшелігі рөлдерді полиция қызметкерлері сомдап, қазақ мәдениетінің тыныс-тіршілігіне құлшыныспен кірді.
Ұлттық мұраның байлығы мен өзіндік ерекшелігін көрсететін ұлттық атрибуттар пайдаланылды. Мерекелік қойылым салт-дәстүрге деген құрметтің символына, ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығының көрінісіне айналды.
Наурыз мейрамы бейбітшілік, мейірімділік және қонақжайлылық құндылықтарын еске түсіріп, адамдарды біріктіруде!