Алматы полицейлері 7 жеңіл жүрісті әйелді анықтады
Алматы полициясы кафе, бар мен түнгі клубтарды тексерді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жергілікті іс-шара негізінен ойын-сауық мекемелерінде жүргізілді.
– Сондай-ақ бірден бірнеше бағытта: кальянды пайдалану, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелері мен компьютерлік клубтарда болуы, сағат 23.00-ден кейін алкоголь өнімдерін сату. Бұл шара, ең алдымен, қоғамдық тәртіпті бұзу деректерінің жолын кесуге және құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған. Егер сандарға жүгінер болсақ, Алмалы ауданындағы 10 мекемеде кальян қолданудың 38 дерегі анықталса, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болуының 27 дерегі тіркелді. Ал Медеу ауданында кальян қолданудың 43 дерегі тіркелді, – деді Алматы қалалық ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ержан Ұзабаев.
Сонымен қатар шаһардың орталығында жезөкшелікпен айналысуға арналған екі үй анықталды. Ол жерде 7 жеңіл жүрісті әйел жұмыс істеген.
– Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша патрульдік полиция және мамандандырылған батальонның экипажы қала жолдарында 17 мас жүргізушіні ұстады. Олар сотталды. Сондай-ақ көлікті агрессивті басқарудың 3 дерегі, көлікті қауіпті басқарудың 6 дерегі және терезесін қараңғылаған 7 көлік анықталды. Бұл эпизодтар жүргізушілер арасындағы көлік тәртібінің төмендігі туралы айтады. Осындай рейдтік іс-шаралар барлық жерде жүргізіледі, – деді Ұзабаев.