Алматы полицейлері ата-аналармен онлайн жиналыс өткізді
Алматы полицейлері ата-аналармен онлайн жиналыс өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шаһарда ата-аналар жиналысының тікелей көрсетілімі өтті, онда құқық бұзушылықтың алдын алу және кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеуде ата-аналардың жауапкершілігін арттыру мәселелері талқыланды.
Талдау көрсеткендей, кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылық жасауына ықпал ететін негізгі себептер мен жағдайлар ата-ана тарапынан бақылаудың жоқтығы және олардың бала тәрбиесі жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамауы. Осы орайда, біз ата-аналармен профилактикалық жұмыстарға ерекше көңіл бөлеміз. Ата-аналар жиналысын өткізудің бұл әдісі ең тиімді болып табылады, өйткені көптеген ата-аналарды қамтуға және олардың бала тәрбиесіне қатысты проблемалық мәселелерін тыңдауға болады.
– Ата-аналарға қоғамдық орындарда, демалыс орындарында және басқа да жерлерде балаларының бойына қауіпсіз мінез-құлық қалыптастыру, сондай-ақ олардың құқықтары мен міндеттері, әкімшілік және қылмыстық заңнамаға сәйкес балаларды тәрбиелеудегі жауапкершілігі туралы ұсыныстар айтылып, барлық сұрақтарына жауаптар берілді. Ата-аналардың балаларымен қарым-қатынасын нығайтуға, балаларының ортасын, достарын, олардың бос уақытын қайда және қалай өткізетінін, қызығушылықтары мен бейімділіктерін білуі үшін оларды үнемі бақылауда ұстауға және балаларын қамқорлық пен махаббатқа бөлеуге ерекше назар аударылды, – деді Алматы қалалық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы ювеналды полиция бөлімінің бастығы Жанна Шонжанова.
Іс-шараның басты мақсаты – ата-аналардың құқықтық сауаттылығын, сонымен қатар бала тәрбиесіне деген жауапкершілігін арттыру.