Алматы полициясы: 300-ден астам мас жүргізуші көлік басқару құқығынсыз рөлге отырды
Алматыда 300-ден астам жүргізуші көлік құралын басқару құқығынан айырылғанына қарамастан, рөлге мас күйінде отырған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шындық мынада: мас күйінде рөлге отырған – қылмыскер. Айналасындағы адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін ықтимал өлтіруші. Мас күйінде көлік жүргізу – бұл қасақана заңсыз әрекет. Адам өзінің іс-әрекетінің ауырлығын және зиянды салдарын алдын-ала біледі, не оны қалайды, не саналы түрде мойындайды немесе оларға немқұрайлы қарайды. Және бұл жерде ешқандай ақталу болуы мүмкін емес.
– Заңнама қатаңдатылғанына қарамастан, кейбір автокөлік жүргізушілері мастық күйіне әкелетін заттарды асыра пайдалануды жалғастыруда, бұл олардағы құқықтық сана мен тәртіптің төмен екендігін көрсетеді. Қазақстан Республикасының Әкімшілік заңнамасына енгізілген түзетулерге байланысты 2020 жылы ҚР ӘҚбК-нің 608, 612, 613-баптары бойынша санкциялар 20 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу түрінде қатаңдатылды. Жыл басынан бері алкоголь, есірткі немесе токсикоманиялық мас күйінде көлік құралын басқару, сондай-ақ алкогольдік, есірткілік және (немесе) токсикоманиялық масаң күйдегі адамға көлік құралын басқаруды беру бойынша 847 жүргізуші жауапкершілікке тартылды, олардың 835-і сот шешімімен әкімшілік қамауға алынды. Атап айтқанда, 769 жүргізуші жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылып, 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды, 66 жүргізуші 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылып, 20 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды. Қалған 12 жүргізуші жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды, – деді Алматы қалалық ПД әкімшілік Полиция басқармасының бастығы Жандос Мұраталиев.
Сонымен қатар, спикердің айтуынша, ӘҚбК-нің 612-бабы 3-бөлігі бойынша көлік құралын басқару құқығынан айырылғанына қарамастан көлік айдағаны үшін 302 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, олардың 63-і сот шешімімен қамауға алынды. Салынған айыппұлдың мөлшері – 10 миллион 498 мың 018 теңгені құрайды.