Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда полицейлер Алғыс айту күнін ерекше атап өтті

Алматыда полиция Алғыс айту күнін ерекше атап өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Алғыс айту күні қарсаңында Алматы қаласының полиция департаменті ғимаратында ведомствоның түрлі қызметтері мен бөлімшелерінің қатысуымен тағылымды әрі әсерлі шығармашылық кеш ұйымдастырылды.

Бұл мерекелік жиын ұжым ішіндегі өзара құрмет пен ризашылықтың, татулық пен бірліктің айқын көрінісіне айналды. Сонымен қатар кеш полиция қызметкерлерінің кәсіби жолында әрдайым демеу болып жүрген ата-аналар мен отбасыларға шынайы алғыс білдіруге арналған ерекше мүмкіндік болды.

Кештің ең толқытатын сәттерінің бірі — халықаралық аренада Қазақстан намысын абыроймен қорғап жүрген полиция қызметкерлерінің ата-аналарын салтанатты түрде құрметтеу рәсімі болды. Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар Tomiris әйелдер құрамасы сапында өнер көрсетіп, UAE SWAT Challenge халықаралық жарысына қатысқан қызметкерлердің отбасыларына табысталды. Аталған беделді дода Дубай қаласында өтті.

Салтанатты шара барысында департамент бастығы, полиция генерал-майоры Айдын Кабдулдинов қызметкерлердің жетістігі тек кәсіби шеберліктің ғана емес, ең алдымен отбасының сенімі мен қолдауының нәтижесі екенін ерекше атап өтті.

- Алғыс айту күні - өзара құрмет пен қолдау, бірлік пен жанашырлық құндылықтарын дәріптейтін маңызды мереке. Әрбір полиция қызметкерінің табысының артында оған сенім артып, жігер беретін ата-анасы мен отбасы тұрады. Бүгін біз халықаралық деңгейде ел намысын қорғап жүрген нағыз патриоттарды тәрбиелеген жандарға алғыс білдіреміз, - деді ол.

Оның айтуынша, мұндай тағылымды кездесулер ұжымдық рухты нығайтып, ұрпақтар сабақтастығын жалғайды әрі ішкі істер органдары қызметінің мәртебесін арттыра түседі.

Кеш жылы әрі салтанатты атмосферада өтіп, Алматы полициясының қызметкерлерін, олардың отбасыларын және ішкі істер органдарының ардагерлерін бір арнаға тоғыстырған әсерлі рухани шараға айналды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру