Алматы полициясы: биыл қалада жаңа 40 бағдаршам салу жоспарланған
Алматыда биыл жаңа 40 бағдаршам салу жоспарланған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жол қауіпсіздігі – бұл елдің ірі шаһарындағы өзекті мәселелердің бірі. Бұл туралы қала тұрғындарының алдында есеп беру кездесуінде Алматы қаласының ПД басшысы Қанат Таймерденов айтты.
– Полиция департаменті қалада жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударуда. Бұл бағыт ерекше бақылауға алынған. 2020 жылы жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде жол-көлік оқиғаларының саны 25,9% -ға азайды. Жәбірленушілермен болған жол-көлік оқиғаларының саны 27,7% -ға, оның ішінде балалармен байланысты 2,4 есеге азайды. Сонымен қатар, Әкімдік жол қозғалысын басқаруды жетілдіру мен жол қауіпсіздігін арттырудың 2021-2023 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекіткендігін хабарлаймын. Шаһардағы апаттарды азайту мақсатында «Vision Zero Almaty» жобасы мен Кешенді жоспар аясында 2021 жылы 70 реттелетін және реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелдерін, сондай-ақ, 40 бағдаршам нысандарын салу жоспарланған. Сонымен қатар, үш мыңнан астам жол белгілері орнатылып, ауыстырылады. Іске асырылып жатқан шаралар апаттардың деңгейін 15-20% төмендетуге және экологиялық жағдайды 10% дейін жақсартуға мүмкіндік береді, – деп қорытындылады Қанат Таймерденов.