Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматы полициясы есірткі желісін жойды

Алматы полициясы ҚР ҚМА-мен бірлесіп, қалалық прокуратураның үйлестіруімен есірткі желісін жойды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бес адам марихуананы жеткізумен және сатумен айналысқан: бірге тұратын жұп, олардың досы – бетбелгі қоюшы және курьер. Жас жұптың қылмыстық процестің жетекшілері екендігі жедел және тергеу іс-шаралары барысында белгілі болды. 27 жастағы Л.есімді азамат пен оның 35 жастағы серігі – К.есімді азаматша ұйымдастырушы және үйлестіруші қызметін атқарды. Бетбелгі қоюшылардың міндеттерін 30 жастакғы Б.есімді азамат және 28 жастағы А.есімді азамат орындады. Ал шабарман 25 жастағы А.есімді азамат болды.

– Қала прокуратурасының үйлестіруімен «Есірткі қылмысына қарсы күрес» жобасы аясында жүргізілген мақсатты жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде біздің бөлімшенің қызметкерлері ҚР ІІМ ЕҚД, ҚР АФМ өкілдерімен бірлесіп, мессенджерлер арқылы байланыссыз әдіспен есірткі сатуды жолға қойған есірткі сатушылардың қылмыстық әрекеттерінің жолын кесті. Қаскөйлердің Испания мен АҚШ-тан пошта арқылы есірткі салынған сәлемдемелерді алғаны белгілі болды. Шөп үшін төлемді тұтынушылардан Qiwi әмиян арқылы алған. Қаражатты шығаруды екінші деңгейлі банктер арқылы жүргізген. Тергеудің осы кезеңінде 49 банктік есепшот анықталды, – деді Алматы қалалық ПД есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Ерлан Әлмағамбетов.

Е.Әлмағамбетов күдіктілердің қылмыстық әрекеттері ресми түрде құжатталғанын, «сатып алулар» жүргізілгенін атап өтті. Сонымен қатар күдіктілердің тұрғылықты жерінде рұқсат етілген тінту жұмыстары жүргізілді. Негізгі айыпталушылардың пәтерінен 6 миллион теңге, SIM-карталар, банк карталары, электронды таразылар, сондай-ақ ерекше иісі бар шишка өсімдік заттары табылды және тәркіленді. Ұсталғандар қамауға алынды.

Полицияда ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпараттар тергеу мүддесіне орай жариялауға жатпайтынын айтып өтті. ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР ҚПК-нің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, заңды күшіне енген сот үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам қылмыстық құқық бұзушылық жасауда кінәсіз деп танылады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру