Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматы полициясы интернет-алаяқтарының құрбаны болмас үшін не істеу керектігін айтып берді

Іле ауданының полициясы интернет- алаяқтарының құрбаны болмас үшін не істеу керектігін айтып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бүкіл әлемде жоғары технологиялардың дамуына байланысты, маңызды ақпарат киберортада қолжетімді болып, интернет-алаяқтарының қызығушылығын тудыруда.

Тек 2021 жылдың үш айында Іле ауданының аумағында алаяқтықтың 86 дерегі тіркелген, ал оның 37 дерегі-интернеттегі алаяқтық.

Олардың жиі кездесетін негізгі түрлері:
1. Онлайн-несие рәсімдеу;
2. Интернет ресурстар арқылы сату және сатып алу(kolesa.kz, olx);
3. Телефон арқылы қолданушының жеке деректерін сұрау, т.б.
Алаяқтар желі қолданушыларын арзан қызметтер мен тауарлармен қызықтырады, сайттарда және әлеуметтік желілерде жалған ақпарат береді. Олар тауар немесе қызмет үшін алдын-ала төлем жасауды, жалған банктік шотқа немесе QIWI-әмиянына (бұл жүйеде жалған деректерді пайдаланып шот ашуға болады) ақша аударуды сұрайды, содан кейін өздері жоғалып, хабарсыз кетеді.

– Қазіргі таңда көбіне қылмыскерлер өзін банк қызметкерлері ретінде таныстырады және сіздің картаңызбен жүргізілгелі тұрған заңсыз операцияны бұғаттау үшін CVV-кодты (картаның артқы жағындағы үш таңбалы код) атауды сұрайды. Бұл жағдайда сөйлесуді дереу тоқтату қажет, банк қызметкерлері мұндай ақпаратты сұрамайды. Алаяқтар сізге пайдалы бизнеске қаражат салуды да ұсынуы мүмкін. Мұқият болыңыздар және оңай жолмен келетін ақшаға сенбеңіздер, – деп ескертті Іле АПБ бастығы Марат Күштібаев.

Сонымен қатар, алақтар сізге телефон арқылы бағалы сыйлық ұтып алғаныңыз туралы хабарласса, қуануға асықпаңыз. Кез-келген ақпаратты тексеріп алғаныңыз абзал.

– Алаяқтардың құрбанына айналмас үшін өзіңіздің банк картаңыздың нөмірін хабарламаңыз, өзіңіздің жеке деректеріңізді ешкімге жібермеңіз, төлем жүйелері арқылы белгісіз тұлғаларға ақша аудармаңыз, қаражатты аударар алдында банктің «жедел желісіне» қоңырау шалып, алушының алаяқ емес екеніне көз жеткізіңіз. Сонымен қатар, егде жастағы туыстарыңыз бен балаларға бейтаныс адамдарға сенбеуін ескертіңіз. Себебі, көп жағдайда егде адамдар мен жасөспірімдер алаяқтардың қармағына түсіп жатады. Сақтық шараларын ұмытпаңыздар!, – деп толықтырды Күштібаев.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру