Алматы полициясы мектеп оқушылары арасында науқан өткізді
Алматы полициясы мектеп оқушылары арасында науқан өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Балалардың жол-көлік оқиғаларынан болатын жарақатының алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстарды жандандыру, балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары мәселесіне қоғамның назарын аудару мақсатында Алматы қаласында жедел алдын алу іс-шарасы жүргізіліп жатыр.
– «Балалардың жолдағы қауіпсіздігі» республикалық науқаны аясында жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, қаладағы жалпы білім беретін мектептердің оқушылары арасында іс-шара өтті. Басты мақсат – балалардың көшеде және жолда жүріс-тұрысының қауіпсіздігін насихаттау. Жарысқа жеті оқу орнының командалары қатысты. Балалар жол қозғалысы ережелерін білу саласында, велосипедтерді, самокаттарды қауіпсіз жүргізу бойынша білімдерін көрсетті, – деді Алматы қалалық ПД әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Болатбек Баятанов.
Ұйымдастырушылар оқушылардың жақсы дайындық көрсеткені мен жолда жүру ережелерін тамаша меңгергенін атап өтті. №197 орта мектеп командасы бірінші орынды иеленді. Екінші орынды №5 Оқушылар үйі мен №19 ЖОББМ командалары иеленді. Үшінші орынды №77 және №98 орта мектептердің оқушылары өзара бөлісті.