Алматы полициясы “Minecraft” форматында есірткіге қарсы әлеуметтік роликті ұсынды
Алматы полициясы танымал балалар ойыны “Minecraft” форматында есірткіге қарсы әлеуметтік роликті ұсынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаңа технологиялардың қарқынды дамуын ескере отырып, Алматы полициясы теледидарда көрсетілетін, интернет-порталдарда, ПД-ның ресми аккаунттарында жарияланатын, сондай-ақ әлеуметтік желі қолданушылары арасында таратылатын медиа-жобалар – әлеуметтік роликтер, сюжеттер, репортаждар арқылы құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алуға ерекше көңіл бөледі.
Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күні аясында есірткіге қарсы айлық басталды.
Осы айдың аясында 10 жастан асқан аудиторияға арналған әлеуметтік бейнеролик ұсынылды. Ерекшелігі – жасөспірімдерге қолжетімді болу үшін танымал балалар ойыны “Minecraft” форматында жасалған.
Алматы ПД қазіргі уақытта полиция өз қызметінің профилактикалық құрамдастығына ерекше көңіл бөлетінін, сондықтан олар үнемі өзекті тақырыптар бойынша бейнероликтер дайындап, тарататынын еске салды.