Алматы полициясы қалта ұрыларын ұстады
Алматы полициясы қалта ұрыларын ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Күдіктілерді қалалық криминалдық полиция қызметкерлері Бостандық және Жетісу аудандық полиция басқармасындағы әріптестерінің көмегімен ұстады. Күдіктілер негізінен қоғамдық көлікте ұрлық жасап жүрген.
– Оңай ақшаны жақсы көретіндердің ең үлкені – 42 жаста, ең жасы – 32 жаста. Олар автобус жолаушыларынан ұрланған гаджеттерді сатуға үлгермеген.
Айғақты заттар тәркіленді. Ұсталғандар өз қылмыстарын мойындады. Олардың жеке басы осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғына тексеріліп жатыр, – деді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Қуатбек Науатов.
ҚР ҚК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейді. ҚР Конституциясының 77-бабы 3-бөлімі 1-тармағы, ҚР ҚК-нің 19-бабы 1-тармағына сай кез келген азамат сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін кінәсіз деп саналады.