Алматы полициясы тасымалдаушыларды жеке жауапкершілікке шақырады
Алматы полициясы тасымалдаушыларды жеке жауапкершілікке шақырады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматыда жолаушылар тасымалы саласындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында «Тасымалдаушы» жедел-алдын алу іс-шарасы жүргізілуде. Бұл шара жолаушылардың қауіпсіздігін арттыруға және қоғамдық көліктердегі құқық бұзушылықтарды болдырмауға бағытталған.
Іс-шара барысында полиция қызметкерлері көлік құралын мас күйінде басқару, жүргізуші куәлігінен айырылғандардың көлік жүргізуі, ұялы телефонды пайдалану, сондай-ақ тоқтау мен тұрақ ережелерін бұзу деректерін анықтауға баса назар аударуда. Шараның басты мақсаты – қоғамдық көліктегі кез келген құқық бұзушылыққа «мүлдем төзбеушілік» қағидатын енгізу, заңнаманы сақтау және қауіпсіздік деңгейін жоғарылату.
Алматы қалалық полиция департаментінің деректеріне сүйенсек, өткен жылы жолаушылар көлігі жүргізушілерінің кінәсінен 320 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 379 адам жарақат алып, 6 адам қаза тапқан. Жүргізілген талдау көрсеткендей, осындай оқиғалардың негізгі себептері жылдамдықты шектен асыру, маневр жасау ережелерін бұзу және көлік жүргізу кезінде ұялы телефонды пайдалану болып табылады.
– Шара аясында полиция қызметкерлері жолаушылар көлігін тексеріп, көлік жүргізушілерінің тәртібін арттыруға күш салуда. Біздің мақсат – техникалық ақауы бар немесе заңсыз қайта жабдықталған көліктерді пайдалануға жол бермеу, жолаушылар мен жүкті тасымалдау кезінде заңнаманы сақтау және заңсыз жолаушылар тасымалына тосқауыл қою. Бұл жұмыстарға мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам өкілдері белсенді түрде тартылды, – деді Алматы қалалық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Дархан Айымбетов.
Екі күннің ішінде жолаушылар көлігі жүргізушілері жасаған 382 жол ережесін бұзу дерегі анықталды. Сонымен қатар техникалық ақауы бар үш көлік арнайы айыппұл тұрағына қойылды.