Алматы полициясы төрт пәтер ұрлығына қатысы бар қылмыстық топты құрықтады
Алматы полициясы төрт пәтер ұрлығына қатысы бар қылмыстық топты құрықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы полициясының қызметкерлері пәтер тонауға маманданған қылмыстық топты құрықтады. Ұстау іс-шарасын криминалдық полиция қызметкерлері полицияның арнайы жасағы мен Алатау аудандық полиция басқармасының жедел уәкілдерінің көмегімен жүргізді.
Қазіргі уақытта ұсталғандардың төрт пәтер ұрлығына қатысы бар екендігі белгілі болды.
– Күдіктілер стандартты тізбек бойынша әрекет еткен. Үй иелерінің үйде жоқтығын тексеріп алып, олар кілтті таңдау арқылы үйге кірді. Олар байқатпай әкетуге болатын барлық заттарды – алтын бұйымдарды, ақшаны және тұрмыстық заттарды алып кетті. Соңғы қылмыс қаланың Алатау ауданында тіркелді: күдіктілер пәтерге кірген соң бөтен адамның зергерлік бұйымдарын алып кеткен, – деді Алматы қалалық ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Мақсат Қанапяев.
Күдіктілер – 28 жаста. Екеуі де Алматы облысының тумасы, бұрын да осыған ұқсас қылмыс жасағаны үшін сотты болған.
Қазіргі уақытта “қылмыстық дуэттің” мүшелері уақытша ұстау изоляторына қамалды.
ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. ҚР ҚК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейді.
ҚР конституциясының 77-бабы 3-бөлімі 1-тармағы, ҚР ҚК-нің 19-бабы 1-тармағына сай кез келген азамат сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін кінәсіз деп саналады.