Алматы полициясы түнгі клубтар, барлар мен дәмханаларды тексерді
Алматы полициясы түнгі клубтар, барлар мен дәмханаларды тексерді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қоғамдық орындарда кальян және басқа да темекі өнімдерін пайдалану деректерін анықтау, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың ойын-сауық орындарында болуына жол бермеу мақсатында өткен демалыс күндері қалада ауқымды іс-шара өткізілді.
Нәтижесінде 197 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 26 ойын-сауық мекемесінен 200-ден астам кальян тәркіленді. Сонымен қатар дәмхана, бар және компьютерлік клубтарда ересектердің қарауынсыз жүрген 7 кәмелетке толмаған жасөспірім анықталды. Олардың ата-аналары мен ойын-сауық мекемелерінің әкімшілігі жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ үш барда жүргізілген жергілікті рейд барысында еліміздің көші-қон заңнамасын бұзып, заңсыз еңбек қызметімен айналысқан шетелдіктер анықталды.