Алматы полициясы тыйым салынған уақытта ішімдіктің сатылуын бақылауға алды
Алматы полициясы кешкі сағат 21:00-ден кейін алкогольдік ішімдіктердің сатылуын бақылауға алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алкоголь өнімдерін сатуға қатысты Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзу деректерін анықтау мақсатында Алматы полициясы жергілікті рейд жүргізіп жатыр. Басты назар – құқық бұзушылықтың алдын алу.
Алматы қаласы Алмалы ауданының полицейлері 21 жасқа толмағандарға және кешкі сағат тоғыздан кейін алкогольдік өнімдерді сатуға тыйым салынатынын ескертетін көрнекі өнімдер шығарды.
– Мақсат – алкоголь өнімдерін, оның ішінде кәмелетке толмағандарға сатуға байланысты құқық бұзушылықтардың алдын алу және ескерту. Біздің міндетіміз – мұндай деректерді дер кезінде тоқтату және анықтау, ересек тұрғындарды балалар үшін, біздің болашағымыз үшін жауапкершілікті арттыруға шақыру. Ақпараттық брошюраларда ҚР ӘҚБтК-нің 200-бабының талаптарын нақты түсіндіреді және алкогольді сату шарттарын сипаттайды. Олар халық арасында, әсіресе, сауда орындарында бар, – дейді Алмалы аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасары Диас Дуанбеков.