Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда полицейлер телефон ұрлығына қарсы жедел шаралар жүргізді

Алматыда полиция телефон ұрлығына қарсы жедел шаралар жүргізуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы қаласында "Құқықтық тәртіп" кең ауқымды республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы жалғасып жатыр. Оның аясында полицияның жедел бөлімшелері бөтеннің мүлкін, соның ішінде ұялы телефондар мен басқа да гаджеттерді ұрлаудың алдын алу және ашуға бағытталған "Ұялы телефон" атты мақсатты іс-шара жүргізуде.

Алматы қалалық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Талант Исаевтың айтуынша, бұл шараның басты мақсаты – қалта ұрлығының жолын кесу, ұрланған құрылғыларды өткізумен айналысатын тұлғаларды анықтау, сондай-ақ адамдар көп жиналатын орындар мен қоғамдық көліктерде азаматтардың қырағылығын арттыру.

- Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде ұялы телефондарды жүйелі түрде ұрлаумен айналысқан бірнеше адам ұсталды. Олардың кейбірі бұрын да осындай қылмыстар үшін бірнеше рет сотталған. Сонымен қатар ұрланған мүлікті сатып алумен айналысқан адамдардың заңсыз қызметі тоқтатылды. Барлық дерек бойынша қажетті құжаттар рәсімделіп, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды, – деді Талант Исаев.

Іс-шара басталғалы бері қаладағы қоғамдық көліктерде, базарларда және сауда орталықтарында жасалған бірқатар ұрлық дерегі анықталды. Жедел іс-шаралар нәтижесінде ұрланған құрылғылардың бір бөлігі иелеріне қайтарылды.

Полиция қызметкерлері қалта ұрлықтарының көп жағдайда адамдар көп жиналатын уақытта болатынын ескертеді және тұрғындарды жеке заттарына ұқыпты болуға, телефондар мен сөмкелерді қараусыз қалдырмауға шақырады.

"Құқықтық тәртіп" жедел-алдын алу іс-шарасы аясындағы профилактикалық жұмыстар жалғасуда. Алматы қаласының жедел бөлімшелері күн сайын азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және олардың мүлкін қорғауға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру