Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматы полициясы жаңа жыл қарсаңында пиротехниканы қауіпсіз пайдалану бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейтті

Алматы полициясы жаңа жыл қарсаңында пиротехниканы қауіпсіз пайдалану бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жаңа жыл мерекелері жақындаған тұста Алматы қаласының полициясы төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және пиротехникалық бұйымдарды қолдану кезінде жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында кең ауқымды профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Полиция қызметкерлері мен өрт сөндірушілер тұрғындарға пиротехникалық өнімдерді тек сертификатталған және арнайы рұқсат етілген сатылым орындарынан сатып алу қажеттігін, олардың қолдану нұсқаулығын қатаң сақтауды, сондай-ақ кәмелетке толмағандарға петарда мен салют қолдануға рұқсат бермеуді еске салады.

Мектептер мен білім беру ұйымдарында қауіпсіздік ережелерін түсіндіру мақсатында кездесулер ұйымдастырылса, базарлар мен сауда орындарында кәсіпкерлерге профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

- Біздің басты мақсатымыз — жазалау емес, алдын алу. Қазір біз азаматтарға пиротехниканы қауіпсіз пайдалану қағидаларын кеңінен түсіндіріп жатырмыз. Мереке күндері тыныш және оқыс оқиғасыз өтуі үшін тұрғындарды жауапкершілікке шақырамыз: тек сертификатталған өнімдерді сатып алыңыздар және балаларға пиротехниканы өздігінен қолдануға ешқашан рұқсат бермеңіздер, — деді Алматы қаласы полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Асхат Құлбаев.

Полиция департаменті қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтау жарақаттар мен өрттердің, сондай-ақ басқа да қауіпті жағдайлардың алдын алу үшін аса маңызды екенін атап өтті.

Мерекелер қауіпсіз өтуі тиіс, ал оған тек ортақ жауапкершілік пен бірлескен күш-жігер арқылы қол жеткізуге болады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру