Алматы полициясы жол қауіпсіздігі туралы мәлімдеме жасады
Алматы полициясы жол қауіпсіздігі туралы мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қала тұрғындарының жайлы және қауіпсіз өмір сүруі, сондай-ақ қонақтардың оңтүстік астанада болуын қамтамасыз етудің маңызды факторларының бірі – жол қозғалысының қауіпсіздігі. Алматы қаласында күніне миллионнан астам көлік жүреді, олардың ішінде қала сыртынан келетін көліктер де бар.
Қаладағы жазатайым оқиғалардың көбеюіне тұрғындардың, әлемдегі көптеген ірі қалалардағыдай, мопедтер мен электрсамокаттарды пайдалана бастауы ықпал етті.
- Сіз күн сайын олардың санының артқанын байқап жүргеніңіз анық. Мопед жүргізушілері жиі жол қозғалысы ережелерін бұзады, бұл өз кезегінде жол-көлік оқиғаларының көбейіп кетуіне әкеледі. Мысалы, мопед жүргізушілері жаяу жүргіншілер мен көлік жүргізушілеріне қауіп төндіретін "кенеттен тежеу" сияқты қауіпті маневрлерді жиі жасайды. Көптеген мопед пен самокат иелерінің тәртіпке бағынбауы мәселені одан әрі шиеленістіріп отыр. Олар қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтамайды, бұл жолдардағы апаттар мен жарақаттарға әкеп соғады, - деді Алматы қалалық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Серік Шумаев.
Өткен жылы Алматыда мопедтердің қатысуымен 1 084 жол-көлік оқиғасы орын алып, соның салдарынан 1 098 адам зардап шекті, тағы 17 адам қаза тапты. Ал, самокаттардың қатысуымен 140 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, нәтижесінде 3 адам қаза тапты, 146 адам жарақат алды.
Сонымен қатар 44 мыңнан астам мопед жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 1 700-ден астам мопед мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылды.
"Заң және Тәртіп" қағидатын нығайту және еліміздің ірі шаһарындағы жолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында, біз барлық мопед иелеріне көлік құралдарын тіркеу және жол қозғалысы қауіпсіздігі ережелерін сақтау қажеттігін түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.
- Өткен жылы "Жол қозғалысы туралы" заңға енгізілген өзгертулердің негізгі мақсаты – мопедтерді пайдалану тәртібін реттеу. Енді мопед жүргізушілері жол қозғалысының толыққанды қатысушылары болып саналады, оларға барлық заң талаптары қолданылады. Осыған байланысты, мопед жүргізушілеріне мопедтерін тіркеу және А1 санатындағы жүргізуші куәлігін алу қажеттігін тағы бір рет еске салғым келеді. Биылғы жылдың 5 сәуірінен кейін көлік құралдарын уәкілетті органда тіркемеген және А1 санатындағы жүргізуші куәлігінсіз мопед тізгіндегендер әкімшілік жауапкершілікке тартылады, - деп атап өтті Серік Шумаев.