Алматы полициясында маңызды семинар ұйымдастырылды
Алматы қалалық ПД-да арандатушылыққа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет тақырыбында семинар өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласы полиция департаментінде жеке құрамға қызметтік этика, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу және азаматтармен ықтимал арандатушылық жағдайларында қарым-қатынас жасау мәселелеріне арналған оқыту семинары өтті.
Кездесудің мақсаты – сыбайлас жемқорлыққа қарсы берік ұстанымдарды қалыптастыру және қызметтік міндеттерді адал әрі кәсіби атқару мәдениетін дамыту. Қызметкерлердің стандартты емес жағдайларда, оның ішінде азаматтармен, журналистермен, блогосфера өкілдерімен және қоғамдық бірлестіктермен өзара әрекеттесу кезіндегі тәртібіне ерекше назар аударылды.
Семинарда ПД өзіндік қауіпсіздік басқармасының өкілдері, сондай-ақ қоғам және медиа саласының сарапшылары – Алматы қаласы ПД-ның консультативтік-кеңесші органның төрағасы әрі мүшесі, журналист және жазушы Василий Шупейкин, журналист Флора Алиева, сондай-ақ КТК телеарнасының "Дау-дамайсыз" бағдарламасының редакторы Жазира Бегалы баяндама жасады.
Олар кәсіби сабырлықты сақтау, арандатушылық әрекеттерге ермеу, сонымен қатар халықпен қарым-қатынаста ашық әрі сыпайы болу туралы тәжірибелік ұсыныстарымен бөлісті.
- Заманауи полиция қызметкері тек тәртіпті және адал ғана емес, сонымен қатар коммуникациялық тұрғыдан төзімді болуы тиіс. Арандату арқылы қысым көрсету жағдайлары жиілеп барады. Біздің қызметкерлер кез келген заңсыз әрекет, тіпті қысым кезінде де жол берілмейтінін нақты түсінуі керек. Біз алдын алуға, ашықтыққа және қоғаммен тығыз өзара іс-қимылға баса мән береміз, - деді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Әділғожа Құсайынов.
Мұндай кездесулер ішкі істер органдарында тұрақты түрде өткізіліп келеді және олар сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыруға, халықтың сенімін нығайтуға және қазақстандық полицияның беделін арттыруға бағытталған.