Алматы полициясында Қазақстан полициясының құрдасы қызмет етеді
Алматы полициясында Қазақстан полициясының құрдасы қызмет етеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция капитаны Төленбаев Назарбай – жергілікті полиция қызметінің патрульдік полиция полкінің инспекторы. Жас тәртіп сақшысы ІІО саласына келгенін ең дұрыс таңдау деп біледі.
– Мен мемлекетіміздің ішкі істер органдары туралы құжатқа қол қойылған күні дүниеге келдім. 2015 жылдан бері Қазақстан полициясында адал қызмет етіп келемін және бұдан былай да ел мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және шынайы қорғауға дайынмын, – деді Төленбаев.
Бүгінде Назарбай – жас патрульдік полиция қызметкерлерінің тәлімгері. Оның 10 жылға жуық тәжірибесі, тұлғалық және кәсіби қасиеттері өскелең ұрпақ тәртіп сақшыларына үлгі.
– Әріптестерімді кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын және табыс тілеймін. Мен үшін ішкі істер органдарында қызмет ету үлкен мәртебе, – деді Төленбаев Назарбай.