Алматы қалалық ПД-да ержүрек полиция қызметкерлеріне құрмет көрсетілді
Алматы қалалық ПД-да ержүрек полиция қызметкерлеріне құрмет көрсетілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қалалық полиция департаментінде ерлік сабағы өтті.
– Бұл жақсы дәстүрге айналған шара. Осы жолы адамдарды аман алып қалған полиция қызметкерлеріне құрмет көрсетілді. Мақсат – жас ұрпақты патриоттық және Отанға деген сүйіспеншілік рухында тәрбиелеу, сондай-ақ Қазақстан полициясының имиджін арттыру, – деді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Олжас Мырзабеков.
Шараға қатысушылардың қатарында Алматы қалалық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы патрульдік полиция полкінің аға инспекторлары Қуаныш Әбдікерім және Алмасбек Тұрсын болды. Олар Республика күні мерекесіне орай мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Патрульдік қызметкерлерге мемлекеттік награданы Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Ержан Сәденов табыс етті.
Ақпан айында тәртіп сақшылары ер адамды ұрлап, өз көлігінің жүк салғышында тасымалдаған үш ер адамды ұстады.
– Өскелең ұрпақ ержүрек әріптестерімізден үлгі алуы керек. Бұл полиция қызметкерлері өмірі мен денсаулығына қарамастан еліміздің қауіпсіздігі мен тұрақтылығы жолында Отанға аянбай қызмет етіп келеді. Оларда заманауи полиция қызметкеріне тән қасиеттер: кәсібилік, жауаптылық, әділдік бар, – деді Олжас Мырзабеков.