Алматы қалалық ҚАЖД мекемесінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы семинар өткізілді
Алматы қаласы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №13 мекемесінде қылмыстық-атқару жүйесіндегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тақырыбында семинар өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ұйымдастырған кеңеске №13 мекемесінің қызметкерлері, қадағалау қызметінің өкілдері, сондай-ақ 200-ден астам сотталғандар қатысты.
Семинарда баяндама жасаған Алматы қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің алдын ала бақылау басқармасының басшысы Қанат Салимбаев қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің жұмысында ашықтық пен заңдылықты қамтамасыз ету – мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының ажырамас бөлігі екенін атап өтті.
- Заң талаптарын сақтау және сотталғандардың құқықтарын қорғау – тек заңнамалық міндет қана емес, сонымен қатар құқықтық мемлекеттің даму деңгейін көрсететін маңызды өлшем. Қызметкерлер де, сотталғандар да кез келген сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінен аулақ болуы тиіс. Ол үшін қоғамдық және ішкі бақылау тетіктерін тиімді енгізу қажет, – деп атап өтті Қанат Салимбаев.
Кездесу барысында жазаны өтеу кезінде заң талаптарының сақталуы, қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлерінің жұмысының ашықтығы, сондай-ақ сотталғандарды қайта тәрбиелеу және қоғамға бейімдеу шараларының тиімділігі талқыланды. Әсіресе, түзеу мекемелерінің қызметкерлері үшін әдеп қағидаларын қатаң сақтау және қызметтік міндеттерді орындауда ішкі бақылауды күшейту қажеттігіне ерекше назар аударылды.
Сотталғандар өздерінің жаза өтеулері белгіленген талаптарға сәйкес екенін және мекеме қызметкерлерінің іс-әрекеттеріне қатысты шағымдары жоқ екенін айтты. Сонымен қатар олар жазаны жеңілдету мәселесіндегі сот шешімдерінің әртүрлілігіне алаңдаушылық білдірді.
Қанат Салимбаев сотталғандарға сыбайлас жемқорлық жағдайларымен бетпе-бет келген кезде қандай қадамдар жасау керектігін, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жүгіну жолдарын жан-жақты түсіндірді. Алдын алу шаралары аясында сотталғандарға қылмыстың алдын алу және оның салдары ретінде қылмыстық жаза туралы әлеуметтік бейнежазбалар дайындауға қатысу ұсынылды. Бұл тәсіл құқықтық тәртіпті нығайтуға және халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімін арттыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың маңызды саналады.