Алматы қаласы бойынша ҚАЖД-ға қарасты №11 мекемеге адам құқықтары жөніндегі уәкілдер барды
Алматы қаласы бойынша ҚАЖД-ға қарасты №11 мекемеге адам құқықтары жөніндегі уәкілдер барып, сотталған балаларды ұстау жағдайымен және оларды оқыту процесімен танысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл К. Малдыбаев, Алматы қаласы бойынша Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілі, Алматы қаласы мәслихатының депутаты Д. Ерланова, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы Үйлестіру кеңесінің мүшесі, Алматы қаласының Қоғамдық кеңес жанындағы Құқықтық тәртіп жөніндегі комитеттің басшысы А. Шөпшекбаева балалар колониясында ұсталатын жасөспірімдер білім алатын орта мектепте болып, ұстаздармен және балалармен әңгімелесті.
Адам құқығын қорғаушылар мектептің жалпы жағдайымен танысып, білім бөлімдері арқылы көмек көрсетуге уәде берді және жаңадан үйірмелер ашуға ықпал етуге уәде берді.
Сонымен қатар олар мекемеде жазасын өтеп жатқан балаларымен кездесуге келген ата-аналармен де бала тәрбиесі жайлы әңгімелесті. «Жалғыз балам еді, тағдырдың жазуы осылай болды, осы баламды ойлағанда жан-дүнием астаң-кестең болады», – деп сотталған баласына келіп отырған қамыққан анаға демеу сөздері де айтылды.
Балалар колониясында жасы 20-ға жеткен алты сотталған жазасын өтеуде. Кездесуге келген заңгерлер олармен де әңгімелесіп, ақыл тоқтатқан ересек адамдар ретінде жаңадан келген, жазасын өтеуші жасөспірімдерге қамқор болуды, олардың тағдырдың сынағына сынбай, керісінше жарқын болашаққа ұмтылуларына көмектесуді тапсырды.