Алматы қаласы бойынша ҚАЖД ұжымы Алғыс күнін атап өтті
Алматы қаласы бойынша ҚАЖД ұжымы Алғыс күнін атап өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ұжымында Алғыс айту күні салтанатты түрде аталып өтті. Жиынды құттықтау сөзімен ашқан департамент бастығы Е.Ұзақов аталған мерекенің идеялық мәніне, еліміздегі барлық ұлт пен ұлыстың бірлігін нығайтатын мазмұнына кеңінен тоқталды.
– Қазақ халқы тағдыр сынына түскен ұлттарға өзінің кең құшағын ашып, мейірімін төккенін бүгінгі ұрпақ естен шығармауы керек. Елімізде 2016 жылдан бастап аталып келе жатқан Алғыс айту күні түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшемі ғана емес, ұжым арасындағы қарым-қатынастың да жақсаруына ықпал ететін мерекеге айналғаны сөзсіз, — деді өз сөзінде Е.Ұзақов.
Сонымен қатар ол ҚАЖ департаментінің ұжымдық қызметіне көрсеткен қамқорлықтары мен жас мамандарды қызметке баулудағы көмектері үшін ардагерлерге де ерекше алғыс білдірді.
Салтанатты жиын барысында департамент бастығы Отан алдында қабылдаған анттарына адалдық танытып, абыроймен қызмет өткеріп жүрген мамандардың ата-аналарын Алғыс хаттармен марапаттады. Ата-аналар атынан сөйлегендер балаларын осындай жауапты жұмысқа баулыған ұжым басшыларына алғыс айтып, қиын да күрделі қызметтеріне табыс тіледі.