Алматыда ПД қызметкерлері республикалық кәсіби шеберлік байқауында жүлдегер атанды
Алматы қаласы ПД қызметкерлері республикалық кәсіби шеберлік байқауында жүлдегер атанды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау қызметтерінің тиімділігін арттыру, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алудағы озық тәжірибелерді кеңінен тарату мақсатында Ішкі істер министрлігі алаңында "Үздік маман" республикалық слеті өтті. Шараға еліміздің барлық өңірлерінен тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бөлімшелерінің қызметкерлері қатысты.
Байқау бірнеше кезеңнен тұрып, қатысушылардың кәсіби даярлығын жан-жақты бағалауды көздеді. Полицейлер заңнаманы білу деңгейі бойынша тест тапсырды, дене шынықтыру нормативтерін орындады, қару қолдану дағдыларын көрсетті, сондай-ақ профилактикалық жұмысты жүргізу әдістерін меңгергенін дәлелдеді. Әрбір қатысушы бұл сала мамандарынан жоғары білімді ғана емес, төзімділік, батылдық және жедел шешім қабылдау қабілетін де талап ететінін айқын көрсетті.
Алматы қаласы полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасына қарасты тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бөлімі қызметкерлері мегаполистің намысын абыроймен қорғап, слет қорытындысы бойынша Ішкі істер министрлігінің грамоталары және сертификаттарымен марапатталды.
Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Асхат Құлбаев кәсіби шеберлікке бағытталған мұндай іс-шаралардың маңыздылығын атап өтті.
- Отбасы, әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – полиция жұмысының басты басымдықтарының бірі. Республикалық слеттер үздік тәжірибе алмасуға, мамандардың біліктілігін арттыруға және профилактикалық жұмыстың әдістерін жетілдіруге зор мүмкіндік береді. Біздің қызметкерлер жоғары кәсіби дайындықтарын көрсетті, олардың жетістіктерімен мақтанамыз, – деді ол.
Алматы қаласының полиция департаменті мұндай форматтағы шаралар қызметкерлердің кәсіби ынтасын арттырып, қызмет сапасын жақсартуға және мегаполисте тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алудың тиімділігін күшейтуге оң әсер ететінін атап өтті.
