Алматы қаласының полицейлері интернет алаяқтардан сақтанудың жолдарын атады
Алматы қаласының Полиция Департаменті интернет алаяқтардың көбеюіне байланысты қала тұрғындарын интернеттегі қызметтерді пайдалану мен тауарлар сатып алу кезінде сақ болуға шақырады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ешкімге өзіңіздің жеке банк карточкаларыңыздың деректерін (банк карталарының суретін, CCV үш сандық кодтарды) немесе жеке деректеріңіз туралы мәліметтерді (жеке куәлігіңіздің көшірмесін) жібермеуді сұраймыз.
Интернет арқылы сатып алынатын тауарға ешқашан алдын ала төлем жасамаған дұрыс.
Ал егер өзіңіз «OLX KZ», «Market kz», «Kolesа kz», «Krisha kz» мобильді қосымшалары арқылы затыңызды сатуға шығарсаңыз, тұтынушымен тікелей кездесу кезінде ғана төлем қабылдағаныңыз жөн.
Егер жарнамада көрсетілген сатылатын көлік немесе пәтер, жалға беру туралы хабарламалар арқылы өзіңізге керек нәрсені сатып алу үшін алдын ала төлем талап етілген жағдайда немесе қызмет түрін ұсынған тұлғамен байланыс тек «WhatsApp» желісі арқылы ғана болса, бұл күдік тудыруы тиіс. Ешқашан «Qiwi», «Yandex» сияқты электронды төлем жүйелерімен есептеспеңіздер.
Түрлі әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі сілтемелерге өте берудің қажеті жоқ. Мұндай сілтемелер түрлі вирустарға толы болуы мүмкін және сол сілтемелер арқылы алаяқтар сіздің гаджеттеріңізде орнатылған банк қосымшаларына енуі ықтимал.
Түрлі сайттарға өзіңіздің төлем картаңыздың мәліметтерін ешқашан енгізбеңіз, себебі мұндай фишингтік сайттар арнайы жеке мәліметтер жинау үшін жасалғандықтан, сіздің мәліметтеріңіз арқылы алаяқтар карточкаңыздан ақшаны оңай алып кетуі ғажап емес.
Ғаламтор желісі арқылы табысыңызды еселейтін немесе ірі көлемдегі ақша ұтысы жайлы уәде берген күдікті ойындар мен конкурстардан бас тартқаныңыз абзал.
Қымбат металдар, криптовалюталар, акцияларға қаржы салу арқылы қомақты пайда табуға кеңес беретін күдікті жобаларға қатыспаңыз. Ал егер қатысу туралы шешім қабылдасаңыз ондай ұйымдар жайлы ақпаратпен толық танысып, түрлі пікірлерді оқыңыз.
Сізге еш жерде тіркелмеген шетелдік телефон нөмірлерімен хабарласып, «QuestraWord», «AssetWordManagmet» сияқты түрлі компанияларға қаржы салуды ұсынуы мүмкін.
Егер сізге банктердің қауіпсіздік қызметінен хабарласса, банк қызметкерлерінің ешқашан сіздің картаңыз туралы мәлімет немесе ұялы телефоныңызға келген смс хабарламалар туралы сұрамайтынын есте сақтаңыз.
Сонымен қатар алаяқтар азаматтардың банкке қалдырған сенімді абоненттік нөмірлерін өзгерту үшін түрлі мобильді қосымшалар арқылы банктердің байланыс орталықтарының нөмірлері іспетті нөмірлерден қоңырау шалады. Мұндай жағдайда телефон тұтқасын тез арада қоя салып, банктердің сенім телефондарына хабарласып, нақтылауыңыз қажет.
Интернет алаяқтардың жиі қолданатын тәсілдері:
– Жоқ тауарларды саудалау, әлеуметтік желілердегі жарнама сайттары арқылы түрлі тауарларды жарнамалап, алдын ала төлем алған соң, сайтты бұғаттап тастау;
– Банк қызметкері ретінде телефон шалып, сіздің жеке шотыңыздан ірі көлемде ақша аударылып жатқандығы жайлы жалған ақпарат беріп, сақтандыру шотына ақшаңызды аударуды немесе сіздің абоненттік номеріңізге келген кодты жіберуді сұрау;
– Сіз өзіңіздің бір тауарыңызды сатпақ болып жарнама бергенде тұтынушы ретінде хабарласып, өзінің қала аумағында емес екендігін, ақша аудару үшін банк картаңыздың номерлері мен ССV кодтарын сұрау;
– Пәтерлер мен коттедждердің нарық бағасынан төмен бағада жалға берілетіні жайлы жарнама беріп, алдын ала төлем ретінде «Qiwi» ақша қабылдау жүйесі арқылы қаржы салуды ұсыну;
– Жоқ көлікті «Kolesa kz» сайты арқылы жарнамалап, тұтынушыдан алдын ала төлем сұрау;
– Әлеуметтік желілерде, оның ішінде Инстаграмда сіздің ақшаңызды айналдыру арқылы қомақты пайда табуға болатыны туралы ұсыныстар жіберу.