Алматы қаласының учаскелік полиция инспекторлары жыл басынан бері 5 мыңнан астам қылмысты ашты
Алматыда учаскелік полиция инспекторлары жыл басынан бері 5 мыңнан астам қылмыс ашқан, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласында бейнеконференция режимінде қала, аудан әкімдерінің, аудандық ПБ басшыларының және учаскелік полиция инспекторларының қатысуымен «Учаскелік полиция инспекторларының жұмысын ұйымдастыру» тақырыбында кеңес өткізілді, онда проблемалық мәселелер және оларды шешу жолдары талқыланды.
«Учаскелік инспектор – белгілі бір аймақтағы қылмыстың алдын алудағы басты фигура» деген Мемлекет басшысы учаскелік полиция инспекторларының ішкі істер органдарын реформалауды жүзеге асырудағы маңызды рөлін осылай атап өткен еді.
Осыны ескере отырып, Ішкі істер министрлігі жергілікті полиция қызметін реформалау бойынша жұмыстар жүргізуде. Шетелдік тәжірибені қолдана отырып, учаскелік полиция инспекторларының бірқатар өкілеттіктерін кеңейту және өзгерту жоспарланып отыр.
– Учаскелік полиция инспекторларының жұмыс жүктемесінің стандарттары қайта қаралады, әлеуметтік кепілдіктер жетілдіріледі, полиция майорына дейін шеннің жоғарылауы, сондай-ақ бірқатар басқа да өзгерістер болады, – деді Алматы қаласы Полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов.
Алматы қаласындағы учаскелік полиция инспекторлары мен олардың көмекшілерінің штаттық саны 595 бірлікті құрайды. Қалада 102 учаскелік полиция бекеті бар.
Биылғы жылы учаскелік полиция инспекторлары қалада қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша бірқатар жетістіктерге қол жеткізді. Олар бес мыңнан астам қылмыстың ашылуына атсалысты, учаскелік полиция инспекторларының көмегімен үш мыңдай қылмыс ізін суытпай ашылды, учаскелік полиция инспекторлары ашқан қылмыстардың тоғыз жүзден астамы ауыр қылмыстар болып табылады.
Алматы қаласының учаскелік полиция инспекторлары 370 мыңнан астам арыз-шағым қарады, 61 600 құқық бұзушыны әкімшілік жауапкершілікке тартты. Жалпы сомасы 215 миллион теңгеден астам сомаға айыппұл салды. Сондай-ақ құқық бұзушылықтар жасауға бейім 11 600 адаммен жеке профилактикалық жұмыстар жүргізуде.
Қабылданған шаралар бұрын сотталған адамдар жасаған қылмыстарды 2,2 есеге, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында 25% -ға және кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстарды 35,2% -ға азайтуға мүмкіндік берді.
– Қызмет көрсету моделін енгізу және тұрғындармен тығыз байланыс орнату мақсатында Полиция департаменті 102 аға учаскелік полиция инспекторын «Фэйсбук» әлеуметтік желісіне тіркеу бойынша жұмыстар жүргізді. Олар келіп түскен хабарламаларды үнемі бақылайды және арыз-шағымдарға уақтылы жауап беруді қамтамасыз етеді. Егер бір айда учаскелік инспекторға орта есеппен 80-нен астам шағым түскен болса, онда ашық диалог нәтижесінде олардың саны айтарлықтай азайды. 65 мыңнан астам азамат учаскелік қызметкерлердің парақшаларына жазылды. Сонымен қатар учаскелік полиция инспекторларының имиджін көтеру және олардың халық арасындағы танымалдығын арттыру мақсатында «Сәлеметсіз бе, мен – Сіздің учаскелік инспекторыңызбын» науқаны өткізіліп жатыр, оның барысында учаскелік инспекторлар өз аумағын аралап, өздері туралы мәліметтер жазылған жадынамалар таратты. Аудан тұрғындарымен және пәтер иелері кооперативтері төрағаларымен кездесулер азаматтарымыздың проблемалық сұрақтарын жедел әрі тиімді шешуге мүмкіндік береді. Біз халықпен өзара іс-қимыл жасасудың осы түрін қолдануды жалғастырамыз және бейнеконференция режимінде пәтер иелері кооперативтерінің төрағаларымен кездесулер өткіземіз. Кездесулерде полиция мен азаматтық қоғамның өзара іс-қимыл мәселелері талқыланады, «сұрақ-жауап» форматында біз азаматтардың мәселелерін қарастырамыз, туындаған мәселелерді шешу бойынша нақты тапсырмалар беріледі. Өзара тиімді іс-қимылды қамтамасыз ету үшін учаскелік полиция инспекторлары»Watshapp» мессенджеріндегі тұрғындардың чаттарына қосылды, онда әкімшілік аймақтың тұрғындарынан түрлі проблемалық сұрақтар түседі, – деп қорытындылады Қанат Таймерденов.