Алматыда сотталғандар жаңа жылдық сыйлықтар алды
Алматыда сотталғандар жаңа жылдық сыйлықтар алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №72 мекемесіндегі шаруашылық қызметіндегі сотталғандар жаңа жыл мерекесін Аяз Ата және Ақша қармен бірге атап өтті.
– Өткен жыл еліміз үшін берекелі жыл болды. Енді санаулы сағаттардан кейін есік қағатын жылан жылы да елімізге тыныштық пен мереке сыйлайтын құтты жыл болсын. Сіздердің әрқайсыларыңызға бостандыққа шығып, жанұяларыңызбен табысуларыңызға тілектеспін. Барлықтарыңызға жаңа жылда жаңа белестер мен амандық тілеймін, – деді сотталғандар алдында құттықтау сөз сөйлеген тәрбие бөлімінің бастығы Кәдірбек Тұрлыбеков.
Шырша мерекесіне белсенді қатысқан сотталғандар Аяз атадан сыйлықтар алып, алдағы жарқын күндерге деген сенімдерін нықтай түсті. Өз кезегінде шаруашылық жасағындағылар да мерекенің көңілді өтуіне ат салысып, ән шырқап, би биледі.