Алматы тұрғыны ұлын тауып берген полицейлерге ризашылығын білдірді
Алматы тұрғыны ұлын тауып берген полицейлерге ризашылығын білдірді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қалалық полиция департаментіне Наурызбай аудандық полиция басқармасының қызметкерлерінің атына тұрғыннан алғыс хат келіп түсті.
Валентина Сергеевна есімді қала тұрғыны кәмелетке толмаған ұлының жалғыз өзі балық аулауға кетіп, байланысқа шықпай қойғанын хабарлаған. Анасы баласына үш сағат бойы хабарласа алмай, ақыр соңында полициядан көмек сұрауға мәжбүр болған.
Шақырту түскен сәтте оқиға орнына жедел түрде патрульдік экипаж жіберілді. Полиция қызметкері Алмасбек Ауелов әріптестерімен бірге баланың геолокациясын анықтап, іздеуді дереу бастады. Бар болғаны бір жарым сағат ішінде жасөспірім табылып, үйіне аман-есен оралды. Қызметкерлер ата-анасымен және жасөспіріммен профилактикалық әңгіме жүргізіп, ересектерсіз су айдындарына барудың қауіпті екенін түсіндірді.
— Барлық қызметкерлеріңіз азаматтардың мәселесіне бейжай қарамаса екен деймін. Бұл – басқа сала мамандарына да үлгі. Патрульдік полиция қызметкерлеріне шексіз алғысымды білдіремін, — делінген алматылық тұрғынның хатында.
Наурызбай аудандық полиция басқармасының бастығы Дидар Жакипбаев мұндай алғыс сөздердің маңызы ерекше екенін атап өтті:
— Азаматтардың пікірі біз үшін өте құнды. Әрбір алғыс – қызметкерлер үшін жоғары баға әрі үлкен мотивация. Бұл олардың мамандығының қаншалықты жауапты әрі маңызды екенін еске салады. Біз тұрғындардың өздерін қауіпсіз сезінуі және полицияға сенім артуы үшін барлық күшімізді жұмсаймыз, — деді ол.