Алматы тұрғыны вокзал маңында жолаушылардың мазасын алып, балағат сөздер айтқан
Алматыда вокзал маңында адамдардың мазасын алып, билеттерді сатып алуды ұсынып, балағат сөздер айтқан 60 жастағы тұрғын айыппұл төлеуі мүмкін, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы 2 станциясындағы желілік полиция бөлімшесіне оңтүстік астананың 73 жастағы тұрғыны белгісіз әйелге қатысты шара қабылдау туралы өтініш білдірді. Оның айтуынша, егде жастағы әйел жолаушылардың мазасын алып, әуе және теміржол билеттерін сатып алуды ұсынып, қоғамдық орында балағат сөздер айтқан.Тексеру барысында көлік полицейлері Алматы қаласының 60 жастағы тұрғынын анықтады.
Оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 449-бабы 1-бөлігі (Қоғамдық орындарда тиісу), 434-бабы 3-бөлігі (Ұсақ бұзақылық) бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, іс шешім қабылдау үшін Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жолданды. Айта кету керек, аталған азаматша бұған дейін ұсақ бұзақылық жазағаны үшін әкімшілік жауапқа тартылған болатын. Қоғамдық орындарда балағат сөздер айтқаны үшін құқық бұзушыға 20 айлық есептік көрсеткіш (69 000 теңге) көлемінде айыппұл салынуы мүмкін.
Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жыл басынан бері көлік полицейлері еліміздің әуе және теміржол көлігі объектілерінде 16 720 әкімшілік құқық бұзушылық фактісін анықтаған болатын. Оның ішінде қоғамдық орындарда тиіскені үшін – 930, ұсақ бұзақылық жасағаны үшін – 217 адам жауапқа тартылған.