Алматыда 11 шетелдік азамат елден шығарылды
Алматы қаласының Медеу ауданында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және көші-қон заңнамасының сақталуын бақылау мақсатында жедел-профилактикалық іс-шара өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шара барысында көші-қон қызметінің қызметкерлері заңсыз еңбек қызметін жүзеге асырған, сондай-ақ қала аумағында тиісті құжаттарсыз жүрген шетелдік азаматтарды анықтады. Құқық бұзушылардың бір бөлігі қабылдау-тарату орнына жеткізіліп, бірқатар факті бойынша әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылды.
Екі күннің ішінде көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 60-тан астам адам жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 11 шетелдік азамат Қазақстан Республикасының аумағынан шығарылды. Сонымен қатар тіркеусіз немесе жеке басын куәландыратын құжаттарсыз тұрған тұлғалар, сондай-ақ шетелдік жұмыс күшін тарту қағидаларын бұзған жұмыс берушілер анықталды.
Жүргізілген іс-шара локалдық сипатта, яғни бір аудан аумағында өткізілді. Алдағы уақытта мұндай тексерулер қаладағы барлық ауданда кезең-кезеңімен ұйымдастырылатын болады.
- Медеу ауданында жүргізілген тексеру нысаналы бақылаудың тиімділігін көрсетті. Біздің мақсатымыз – заң талаптарын сақтайтын азаматтарға кедергі келтіру емес, қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндіретін нақты құқық бұзушылықтарды анықтау. Мұндай жұмыстар аудандық деңгейде жүйелі түрде жалғасады. Көші-қон заңнамасын сақтау – бұл тәртіп, қауіпсіздік және ел заңдарына құрмет мәселесі, – деп атап өтті Алматы қаласы полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының бастығы Еркін Амантаев.
