Алматыда 21 жастағы алаяқ сатушыларды жалған түбіртекпен алдап кетті
Алматыда 21 жастағы алаяқ сатушыларды жалған түбіртекпен алдап кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тәртіп сақшылардың айтуынша, У.есімді азамат интернеттен «Iphone» маркалы ұялы телефондарды сату туралы жарнамаларды тапқан.
– Ол сатушылармен алдын-ала кездесуге келісіп, хабарландыруда көрсетілген сомаға жалған онлайн-аударым түбіртегін дайындаған, яғни қаскөй кездесуге дайындалып келген. Қылмыстық жолмен алынған ұялы телефондарды үшінші тұлғаларға сатқан. Ал түскен қаражатты өз қалауы бойынша пайдаланған. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 21 жастағы күдікті қолға түсті. Қазір оның қатысуымен төрт алаяқтық фактісі дәлелденді. Қылмыстық іс сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлімі бойынша қозғалды, – деп хабарлады, Алмалы аудандық Полиция басқармасының бастығы Есен Ысқақов.
Күдікті қазір уақытша ұстау изоляторында. Полиция қызметкерлері алданғандардың көбірек болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
– Ұсталған адамның суретіне мұқият қарауларыңызды сұраймыз. Осы азаматтың әрекетінен зардап шеккендердің барлығын мына телефон нөмірлері арқылы хабарласуларын сұраймыз: 8-708-707-9202; 8-705-555-7763; 8-775-719-2727, – деді Е.Ысқақов.