Алматыда 90 жастағы әжеге жеке куәлік үйінде рәсімделді
Алматыда 90 жастағы әжеге жеке куәлік үйінде рәсімделді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласында көші-қон қызметі азаматтарға мемлекеттік қызметтердің қолжетімді болуын қамтамасыз ету мақсатында белсенді жұмыстар жүргізуде. Осы бағыттағы қамқорлықтың жарқын мысалы – жасы 90-ға таяған қарияға көрсетілген көмек.
Жуырда қалалық полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасы денсаулығына байланысты Халыққа қызмет көрсету орталығына өз бетінше бара алмайтын кейуанаға арнайы барып, оның жеке куәлігін рәсімдеп, қолына табыс етті.
Әженің туыстары электронды үкімет порталы арқылы өтініш беріп, оның ерекше жағдайын хабарлаған. Жедел әрекет еткен көші-қон қызметінің мамандары бірден өтінішке жауап беріп, құжаттандыру рәсімін тікелей азаматтың тұрғылықты жерінде жүзеге асырды.
– Аға буын өкілдеріне қамқорлық – біздің азаматтық әрі қызметтік парызымыз. Әрбір тұрғын, жасы мен денсаулығына қарамастан, өз құжатына қол жеткізуге құқылы. Біз бұл бағытта жан-жақты көмек көрсетуге дайынбыз. Қарт ананың үйіне барып, ыңғайлы әрі жайлы жағдайда жеке куәлігін табыстағанымыз – осы міндеттің бір көрінісі, – деді Алматы қалалық ПД көші-қон қызметі басқармасының бастығы Еркін Амантаев.
Бұл жағдай — мемлекеттік қызметтердің халыққа жақын болуын көздейтін ұстанымның нақты іс жүзінде көрініс тапқанын көрсетеді.