Алматыда айырбастау пунктінің жанында болған тонау қылмысы әшкереленді
Алматыда айырбастау пунктінің жанында болған тонау қылмысы әшкереленді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Оқиға Төле би даңғылы бойындағы айырбастау пунктінің маңында орын алды. Беймәлім ер адам қала тұрғынынан 13 миллион теңге көлеміндегі ақшаны ашық түрде тартып алған.
Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде Алмалы аудандық полиция басқармасының қызметкерлері күдіктіні – 39 жастағы Алматы қаласының тұрғынын анықтап, қолға түсірді.
- Күдіктінің тұрғылықты мекенжайына жүргізілген тінту барысында қылмыс кезінде бейнежазбаға түскен киімдер, ақшалай қаражат және өзге де заттай айғақтар табылып, тәркіленді. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, сондай-ақ оның басқа да ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде, – деді Алмалы аудандық полиция басқармасының бастығы Мақсат Пшан.
Алматы қалалық полиция департаменті заңдылық пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету – полиция жұмысының басты басымдығы екенін еске салады. Әрбір құқық бұзушылық дерегі бойынша заң аясында қатаң шаралар қабылданатыны атап өтілді.
