Алматыда алаяқтар үшінші тұлғаға онлайн-несие рәсімдеген
Алаяқтар үшінші тұлғаларға онлайн-несиені қалай рәсімдегендері туралы Алматы полициясында айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласының криминалдық полициясы алаяқтықтың тізбегі туралы айтты: қаскөй желідегі жарнаманың иесін тауып, сатып алушының атын жамылып, банктік деректемелерді пайдаланып, тауарларға ақы төлеуді ұсынады.
– Ақшаны тез алуға үміттенген жарнама иесі өз еркімен өзінің дербес деректерін жібереді, ал қаскөй кейіннен онлайн-несие алуға өтініш береді. Құқық бұзушы жарнамада көрсетілген тауардың құнынан жоғары соманы несиеге әдейі шығарады. Ақша саудагердің картасына түскеннен кейін, алаяқ қате аудардым деп, айырмашылықты өзіне қайтаруды сұрайды. Ештеңеден күдіктенбестен сатушы бұл айырмашылықты алаяқтың шотына аударады, содан кейін оның атына несие берілгендігін біледі. Біз азаматтарды тағы бір рет алаяқтардың құрбаны болмау үшін мұқият болуға шақырамыз. Сіз өзіңіздің жеке деректеріңізді, банктік карточкаларыңызды, кодтарыңыз бен код сөздеріңізді ешкіммен бөліспеуіңіз керек. Банктік қызметтерге қол жеткізу үшін парольдерді үнемі өзгертіңіз, шоттарыңыздағы ақша қозғалысын тексеріңіз. Бейтаныс адамдарға сенбеңіз, – деді Алматы қалалық ПД Криминалдық Полиция басқармасының бастығы Еркін Іңкәров.
Полиция, сонымен қатар, жақында Алматыда желіде алаяқтықпен айналысқан екі адам ұсталғанын атап өтті. Бұл 1992 жылы туған Н.есімді азамат, Алматы облысының тумасы және 25 жастағы азамат С.есімді азамат – Алматы қаласының тұрғыны.
– Олардың әрқайсысы бірнеше адамды алдаған. Ал екеуіне келтірілген шығын көлемі жарты миллион теңгеден асады. Күдікті екі адамның ешқандай өзара байланысы жоқ. Алайда олардың қылмыстық әрекеттерінің тізбегі бірдей. Олар онлайн-несиелермен сауда жасады, микрокредиттік ұйымдардың қызметтерінен микрокредиттер берілді, содан кейін олар алаяқтық жолмен өздерінің банктік карточкаларына қаражат шығарды. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 190 бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, – деп түйіндеді Іңкәров.