Алматыда "Анаға құрмет" музейі балалар колониясында көрме өткізді
Алматы қаласындағы балалар колониясында республикалық "Анаға құрмет" музейі ерекше көрме өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сотталған балалар көне жәдігерлер – көне ыдыстарды, бұрынғы замандағы батырлардың қару-жарақтарын, бас киімдерін тамашалап, қолдан кестеленген мешіт суреттерінің тарихымен танысты. Көрме барысында музей директоры Гүлнәр Әбіш жазалы жасөспірімдерді бос уақыттарында қолөнермен айналысуға үндеп, мекемеден босап шыққан соң осындай ерекше жұмыстар жасап, өздерін өздері жұмыспен қамти алатынын түсіндірді.
Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі жағдайды сауықтырудың 2023-2025 жылдарға арналаған Жол картасын іске асыру аясында өткізілген іс-шара кезінде жазалы жасөпірімдер көне жәдігерлерді қолдарымен ұстап, өздерін музейге барып қайтқандай әсерде сезінді.
Сонымен қатар бұл күні жасөспірімдер Тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы тұңғыш генерал әйел Сәуле Айтпаевамен кездесті. Парламент Сенатының депутаты, 2018-2019 жылдары Қазақстан Республикасының Бала құқықтары жөніндегі уәкілі болған Сәуле Айтпаева сотталған балаларға жарқын болашақ тілеп, мекеме кітапханасына Нағашыбай Шайкеновтың "Өнегелі өмір" кітабын тарту етті.