Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда арнайы жасақ офицері баланы терезеден құлап кетуден аман алып қалды

Алматыда арнайы жасақ офицері баланы терезеден құлап кетуден құтқарып қалды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы қаласының Алатау ауданында жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың аға инспекторы, Мырзабек Сейтенов шұғыл әрекетінің арқасында қайғылы жағдайдың алдын алды.

Қызметтік міндетін атқарып жүрген офицер көпқабатты үйдің терезесінде орындықтың үстінде тұрған, тепе-теңдігін әрең сақтап тұрған баланы байқайды. Бір сәт те ойланбастан, ол пәтердің орналасқан жерін анықтап, кіреберіс арқылы жоғары көтеріліп, баланы қауіпсіз жерге шығарды. Абырой болғанда, оқиға сәтті аяқталды. Полицейлер баланың ата-анасына ескерту жасап, профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

– Біздің қызметкеріміздің қырағылығы мен кәсібилігінің арқасында баланың өмірі сақталып қалды. Алайда бұл оқиға барлық ата-аналар үшін маңызды сабақ болуы тиіс: балаларды, әсіресе терезе мен самалдық маңында қараусыз қалдырмаңыздар, – деді Алматы қалалық ПД ЖҚАЖ командирі Азамат Исергужин.

Полиция өкілдері ата-аналарды балалардың қауіпсіздігіне аса мән беруге шақырады. Әсіресе жаз мезгілінде және оқу жылының басында балалардың терезеден құлау деректері жиілейді. Сондықтан терезелерге арнайы бекіткіштер мен блокираторлар орнату, терезе маңына жиһаз қоймау және балаларды үнемі қадағалау – аса маңызды шаралардың бірі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру