Алматыда әртүрлі құқық бұзушылық жасаған 200-ден астам жасөспірім ІІО-ға жеткізілді
Алматыда әртүрлі құқық бұзушылық жасаған 200-ден астам жасөспірім ІІО-ға жеткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Оқушылардың тоқсандық демалысы аяқталуына қарсы Алматы полициясы компьютерлік клубтарды тексерді. «Мектеп» жедел алдын алу іс-шарасы аясында жергілікті рейдтер ұйымдастырылды.
– Түнгі рейдтердің негізгі бағыттары – түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде заңды өкілдерінсіз жүрген 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерді анықтау, балалардың қараусыз қалуының жолын кесу және кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу. Іс-шара кезінде инспекторлар ойын-сауық мекемелерін тексереді, кәмелетке толмағандар тұратын қолайсыз отбасыларға барады, профилактикалық есепте тұрған жасөспірімдердің үйіне кіріп шығады, сондай-ақ жасөспірімдер шоғырланған орындарға барады. Ең өзектісі компьютерлік клубтар, біздің инспекторлар бірінші сол жақты тексереді. Тәжірибе көрсеткендей, кейбір балалар түні бойы ойын ойнап отырады, – деді Алматы қалалық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Серік Шумаев.
Іс-шараны өткізу кезеңінде ІІО-ға әртүрлі құқық бұзушылықтары үшін 208 кәмелетке толмағандар жеткізілді, олардың көпшілігі әкімшілік құқық бұзушылық жасағандар.
– Қараусыздығы және панасыздығы үшін 20 жасөспірім ІІО-ға жеткізілді. Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз ойын-сауық мекемелерінде және үйден тыс жерде болғаны үшін 165 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қаладағы сауда орындарында кәмелетке толмағандарға алкогольдік ішімдіктер мен темекі өнімдерін сатудың 11 дерегі анықталды. Балалардың құқықтарын қорғау мүддесінде бала тәрбиесіндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін ата-аналары ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады, – деді Шумаев.