Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда аты аңызға айналған майдангер болашақ ұрпаққа арнап ағаш отырғызды

Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Алматы қалалық полиция департаментінде тағылымды іс-шара өтті. 101 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері Қамбар Сәрсен полиция ғимаратының жанында болашақ ұрпаққа арнап ағаш отырғызды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Салтанатты жиын жылы да әсерлі атмосферада өтті. Аты аңызға айналған майдангерді полиция қызметкерлері құрметпен қарсы алып, оның қайсарлығы мен ерлігіне тағзым етті. Қамбар атаның жүрекжарды сөзі жиналғандарды терең тебіреніске бөледі.

– Мен сендердің бейбіт елде өмір сүріп жатқандарың үшін соғыстым. Бүгін отырғызған ағашымыз берік тамыр жайып, сендерге Отанды тек қарумен ғана емес, адал қызметпен, әділдікпен және тәртіппен де қорғауға болатынын еске салып тұрсын. Еліңнің амандығын ойлап, соғыстан оралмаған ерлерге лайық болыңдар, – деді ардагер.

Полиция қызметкерлері ардагерге шексіз алғыстарын білдіріп, нағыз қаһарманды қарсы алу – олар үшін зор абырой екенін атап өтті.

Отырғызылған ағаш енді бейбіт өмір мен батырлықтың белгісіне айналып, ұрпақтар арасындағы рухани сабақтастықты бейнелейтін тірі ескерткіш болып қалмақ.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру