Алматыда аулалар қауіпсіздігі күшейтілді
Алматы қаласында полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдулдинов мүлік иелерінің бірлестіктері мен пәтер иелері кооперативтерінің төрағаларымен жұмыс кездесуін өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жиында құқық бұзушылықтардың алдын алу, учаскелік инспекторлардың тұрғындармен өзара іс-қимылы және аулалар мен кіреберістердегі қауіпсіздікті арттыру мәселелері кеңінен талқыланды.
Қазіргі таңда мегаполис аумағында 1 527 ПИК, 4 672 МИБ және бірқатар қызмет көрсетуші компания тіркелген. Полиция өкілдерінің айтуынша, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде аталған құрылымдардың рөлі айрықша.
- Қоғамдық қауіпсіздік ауладан басталады. Полиция, ПИК пен МИБ төрағалары және тұрғындар арасында тиімді байланыс орнаған жерде қылмыс деңгейі төмендейді, – деді Айдын Қабдулдинов.
Сервистік модель аясында Алматы полициясы халыққа қолжетімділікті арттыра түсті. Қаладағы әкімшілік ғимараттар мен аудандық бөлімшелерде фронт-офистер мен сервистік орталықтар жұмыс істейді. Сонымен қатар азаматтардың өтініштері полицияның әлеуметтік желілердегі ресми парақшалары арқылы да қабылданады.
Құқық бұзушылықтардың алдын алуда учаскелік полиция инспекторларына ерекше жауапкершілік жүктелген. Қалада 10 учаскелік полиция пункті пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін барлық учаскелік инспекторлар қызмет көрсететін аумақтарында қызметтік кабинеттермен толық қамтамасыз етілмек.
Бұдан бөлек, криминогендік ахуалы күрделі учаскелерде 20 модульдік полиция бекеті орнатылып, тәулік бойы қызмет атқару және азаматтарды қабылдау ұйымдастырылған.
- Біздің мақсат – учаскелік инспектордың тұрғындарға барынша жақын болуы. Ол тек формалды түрде емес, шынайы мағынада жаяу қашықтықта қолжетімді болуы тиіс, – деп атап өтті департамент басшысы.
Бірлескен профилактикалық жұмыстың нәтижесінде айтарлықтай көрсеткіштерге қол жеткізілді. Жыл басынан бері полиция мен ПИК, МИБ арасындағы өзара іс-қимыл аясында 180-нен астам құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде 45 пәтердің жезөкшелікпен айналысуға пайдаланылғаны және 135 пәтердің тиісті рұқсат құжаттарынсыз жалға берілгені белгілі болды. Сонымен қатар есірткіге қатысты 600-ден астам граффити жазуы жойылды.
Көші-қон қауіпсіздігі мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. "Учаске", "Есептегі тұлға" және "Заңсыз келуші" жедел-профилактикалық іс-шаралары барысында заңсыз тұрып жатқан әрі жедел қызығушылық тудыратын тұлғалар анықталуда.
- ПИК пен МИБ төрағаларынан жаңа қоныстанушылар немесе күдік тудыратын тұлғалар жөнінде уақтылы түскен ақпараттың арқасында бірқатар жағдайда қылмыстың алдын алуға мүмкіндік туады, – деді Айдын Қабдулдинов.
Кездесу қорытындысында полиция департаментінің басшысы тұрғындарды құқық бұзушылықтардың алдын алу ісіне белсенді атсалысуға шақырып, қаладағы қауіпсіздік пен жайлылық тек ортақ жауапкершілік негізінде қамтамасыз етілетінін атап өтті.
