Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда балаларға арналған спорттық мереке өтті

Алматыда балаларға арналған дәстүрлі спорттық мереке өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Балаларды қорғау күні қарсаңында Алматы қаласында "Динамо" стадионында ерекше маңызға ие дәстүрлі спорттық мереке ұйымдастырылды. Шараны Алматы қалалық полиция департаменті мен "Динамо" дене шынықтыру-спорттық қоғамы бірлесе өткізді.

Іс-шараға мектеп оқушылары, полиция қызметкерлерінің балалары және қызметтік борышын өтеу барысында қаза тапқан тәртіп сақшыларының ұрпақтары қатысты. Мерекелік бағдарлама аясында көңілді эстафеталар, спорттық жарыстар, байқаулар мен кәсіби спортшылардың шеберлік көрсетілімдері ұсынылды.

Мерекенің басты мақсаты – балаларды салауатты өмір салтына баулу, олардың бойында оң құндылықтар мен патриоттық сезімді қалыптастыру, сондай-ақ полициямен сенімге негізделген қарым-қатынас орнату. Мұндай іс-шаралар Алматы қаласы полициясының профилактикалық жұмысының маңызды бағытына айналып отыр.

– Біз спорттың біріктіруші, шабыттандырушы әрі балалардың бойындағы ең жақсы қасиеттерді ашуға септігін тигізетініне сенеміз. Бұл тек мереке ғана емес, сонымен қатар жасөспірімдермен жұмыстағы профилактикалық бастамалардың тиімді тетігі. Профилактика жылында әр бала өзін қажет әрі қорғалған сезінуі үшін бар күшімізді саламыз, – деді Алматы қалалық ПД бастығының орынбасары Әділғожа Құсайынов.

"Динамо" ДШСҚ өкілдері де осындай бастамалардың әлеуметтік маңыздылығын атап өтті.

– Біз спортты жастармен тіл табысудың әмбебап құралы деп білеміз. Патриоттық тәрбие, құқықбұзушылықтың алдын алу және балалардың денсаулығын нығайту бағытында «Динамо» әрдайым қолдау көрсетуге әзір. Бүгінде біздің стадион осындай ізгі істер мен жарқын бастамалардың ордасына айналғанына қуаныштымыз, – деді қоғам төрағасының бірінші орынбасары Асқар Омарқұлов.

Бұл спорттық мереке – қуаныш пен шабыттың ғана емес, болашақ ұрпақтың жарқын келешегіне бағытталған нақты қадамның көрінісі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру